Сәуір 10, 2025
2025 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың төрағалығымен қаржы лизингі шарттарында медициналық техниканы сатып алуды жүргізу, жоспарлау және ұйымдастыру мәселелеріне арналған онлайн кеңес өтті.
Кеңеске Денсаулық сақтау министрлігінің, «ҚазМедТех» акционерлік қоғамының, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен медициналық ұйымдардың бірінші басшылары қатысты.
Кеңесте «ҚазМедТех» АҚ Басқарма төрағасы Мұхамеджанов Ғалымбек Қазбайұлы баяндама жасады. Баяндамада лизингтік сатып алуларды іске асыру тетігін, медициналық ұйымдармен өзара әрекеттесу шарттарын және лизингтік төлемдерді өтеу алгоритмдерін жан – жақты таныстырды.
Сатып алудың жаңа моделі Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №112 бұйрығымен бекітілген өзгерістер аясында жүзеге асырылуда. Аталған өзгерістер медициналық техниканы бюджет қаражаты есебінен және МӘМС жүйесі шеңберінде лизингке алуға мүмкіндік тудырады, бұл өз кезегінде медициналық ұйымдарға ірі көлемдегі бір реттік шығындарсыз заманауи жабдықтарға қолжетімділік береді.
«ҚазМедТех» АҚ барлық кеңес қатысушыларына белсенділік пен ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, жобаларды одан әрі жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде толық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
No Code Website Builder